Ақпараттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі Консультативтік-координациялық кеңестің XIV отырысы
Бүгін ақпараттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі Консультативтік-координациялық кеңестің (ККК) XIV отырысы өтті.
Жиында мемлекеттік органдарда ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты мемлекеттік бақылау, мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдардағы ақпараттық қауіпсіздік жағдайы, сондай-ақ АҚҰО-мен тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, ақпараттық қауіпсіздік саласындағы заңнамалық өзгерістер және ақпараттық қауіпсіздікке қатысты инциденттер мен қауіптерге ден қою шаралары қарастырылды.
Шара барысында Асқар Жүнісбек МТҚ-ің қаржылық және операциялық ақпараттық қауіпсіздік орталықтарымен ынтымақтастығының маңыздылығын атап өтті. Ол тәжірибе алмасу және үздік практикаларды қолдану арқылы негізгі объектілерді қорғаудың тиімділігін арттыруға ерекше назар аударды.
Асқар Жүнісбек халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті: «Біздің жұмысымыздың маңызды бөлігі – халықаралық серіктестік. Қазақстан ғаламдық ақпараттық қауіпсіздік аренада өз позициясын нығайтуда, ОДКБ, OIC-CERT, FIRST сияқты стратегиялық маңызды альянстар мен халықаралық бастамаларға қатыса отырып, қауіптерді талдау мен жедел әрекет ету әдістемелеріне қол жеткізуде».
Шара барысында ЦДИАӨМ ақпараттық қауіпсіздік комитетінің өкілі Үмітжан Арықбекова ақпараттық қауіпсіздік саласындағы өзекті мәселелерді шешу қажеттігін атап өтті.
«Ведомстволық ұйымдарда ақпаратты қорғау құралдарының жеткіліксіздігі киберинциденттерді үйлестіру мен басқаруда қиындықтар туғызады. Әсіресе, бұл Бас прокуратура, Денсаулық сақтау министрлігі және Ғылым мен жоғары білім министрлігі сияқты мекемелерге әсер етеді», – деді ол.
Денсаулық сақтау министрлігі үлкен көлемдегі деректерді тасымалдау үшін қорғалған байланыс арнасын құрып, оны SIEM жүйесімен біріктіруді ұсынды. Сонымен қатар, 2025 жылға арналған ақпараттық қауіпсіздік жүйелерін сатып алу жауапкершілігін ЦДИАӨМ, ҰҚК және «МТҚ» АҚ арасында бөлу мәселесі қарастырылып жатыр.
«Қазіргі таңда аномалды трафик жиі бұғатталмай өтеді, ал инциденттер бойынша кері байланыс жеткіліксіз деңгейде», – деп қосты Арықбекова, мемлекеттік органдардың бірыңғай көлік жүйесінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде нақты регламент қажет екенін атап өтіп.
Іс-шараға 34-ке жуық мемлекеттік орган өкілдері қатысты, оның ішінде Қазақстан Республикасының Ақпараттық қауіпсіздік комитеті, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері де болды.
Сондай-ақ, Kaspersky зертханасының өкілдері бұл отырыста киберқауіпсіздік тақырыбына арналған арнайы интерактив өткізді. Бұл қатысушыларға нақты қауіптер мен қорғау әдістерін ойын арқылы көрсетуге бағытталған. Осындай формат арқылы ойыншылар ақпаратты қорғау және кибершабуылдарға жауап беру дағдыларын тәжірибеде меңгереді.
Ақпарат: Ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі Консультативтік-координациялық кеңес 2019 жылы маусым айында құрылды. Кеңес құрамына мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық қауіпсіздік саласындағы жетекші мамандары енгізілген. Оның мақсаты - Қазақстан Республикасының мемлекеттік электронды ақпараттық ресурстары мен ақпараттық жүйелерін, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымын ішкі және сыртқы қауіп-қатерлерден қорғау деңгейін қамтамасыз ету.