Ақпараттық коммуникациялық технологиялардың республикамызда дамуы туралы

ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі Сәкен Сарсенов VI Астана экономикалық форумы аясында өткізіліп отырған «ASTEX 2013» көрме- конференциясының ресми ашылуына қатысып, Қазақстандағы ақпараттық коммуникациялық технологиялардың дамуы туралы айтып берді.

Вице-министр атап өткендей, бірқатар мемлекеттік және салалалық бағдарламалардың іске асырылуы АКТ (ақпараттық коммуникациялық технологиялар) саласын дамытуға серпін берді. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес аталған саладан түскен кіріс 1 трлн. теңгеге жетті (2005 жылы). Компьютерді меңгерген қазақстандықтардың қатары (ел тұрғындарының 51,7%) және Интернетті пайдаланушылар саны (9 млн. адам) артты.

БҰҰ-ның соңғы рейтингісіне сәйкес қатысушы 190 елдің ішінен Қазақстан «е-қатысу» индексі бойынша екінші орынға ие болды (2005 жылы –31 орын). «Электрондық үкіметті дамыту» индексі бойынша 38 орынға көтерілсе (2005 жылы – 65 орын), онлайн-қызметтер бойынша 14 орынға ие болды. WSIS халықаралық байқауы аясында Қазақстанның электрондық лицензиялау жобасы бизнес үшін ең үздік жоба деп танылды.

Сәкен Сарсенов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Ақпараттық Қазақстан -2030» мемлекеттік бағдарламасына да тоқталып, оның негізгі бағыттары туралы айтып өтті. Естеріңізге салып өтейік, аталған бағдарлама заманауи байланыс технологиясын, сандық телевизияны одан әрі енгізу, мемлекеттік қызмет түрлерін электрондық нұсқаға көшіруді жалғастыру, медицина, білім беру және басқа да салаларда жаңашыл технологияларды белсенді қолдануды көздейді. Сондай-ақ, АКТ нарығындағы отандық кәсіпорындарға мемлекет тарапынан қолдау көрсету және қажетті инфрақұрылымдық жағдайларды жасау арқылы оларды ынталандыруға бағытталған бірқатар шараларды іске асыру қарастырылған.

Вице-министр ағымдағы жылы барлық облыс орталықтарын сандық эфирлік телевизияға қосу, ал 2015 жылға қарай сандық хабар таратумен ел аумағын 95 % қамтамасыз ету көзделгенін айтып өтті. Электрондық үкіметті дамыту мәселесіне де баса назар аударылды. Электрондық үкімет порталы қызметіне сұраныстың арта түскені статистикамен дәлелденген. Өткен 2012 жылы электрондық үкімет инфрақұрылымы арқылы 21,4 млн қызмет көрсетілген.

Министрліктің жоспарында электрондық қызметтер санын арттыру және оларды мобильдік құрылғыларға бейімдеу жұмыстарын жалғастыру жұмыстары бар. Бұдан басқа, 2015 жылға қарай барлық білім беру мекемелерінің 50 %-нда электрондық білім беру жүйесі енгізіледі.

21.05.2013