Қазақстандық интернет: қалыптасуы, проблемалары мен келешегі

Еліміздегі Интернет 1994 жылғы 19 қыркүйектен бастау алады. Осыған орай, өткен жұмада Алматыда Қазнеттің 20-жылдығына арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Онда Қазақстандық Интернеттің қалыптасуы, проблемалары және даму перспективалары талқыланды.

Аталған іс-шараға ірі IT-компаниялардың, мемлекеттік органдардың, Интернет қауымдастығының,интернет-дүкендер мен сервистердің, банк секторының, ұялы байланыс операторларының, медиа-ресурстардың, веб-студиялардың өкілдері және басқалар қатысты.

Дөңгелек үстел басында қатысушылар Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министрі Асқар Жұмағалиевпен бірге Қазақстанда интернетті одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

1994 жылғы 19 қыркүйекте IANA (Internet Assigned Numbers Authority — «Интернеттің адрестік кеңістігі әкімшілігі») .KZ домендік атауын табыстаған сәттен бері бүгінгі күнге дейінгі 20 жылда аз кезеңнен өткен жоқпыз. 2014 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша .kz доменінде 115 мың атау, .каз доменінде - 1800 атау тіркелген, хостинг қызметтерін 30-дан астам провайдерлер көрсететін болса, тіркелуді өзара бөлетін жүйе енгізілген.

Жиын барысында көптеген мәселелер көтерілді, мәселен, компаниялардың өкілдері логистика және шетелдік онлайн-дүкендер тұтынушыларының таңдаулары туралы айтса, Қазақстандық IT-компаниялар қауымдастығының президенті Нұрлан Исин контент сапасының, соның ішінде мемлекеттік тілде контенттің жеткіліксіздігін, Қазнет пайдаланушыларының арасындағы коммуникация құралдарының дамымағанын атап көрсетті.

PS.kz компаниясының бас директоры Никита Красулин Қазақстандағы басты есептеуіш zero.kz деректерін келтірді: 2014 жылы тіркелген 6 мыңнан астам сайттың 4 мыңға жуығы ғана нақты жұмыс істейтін көрінеді.

Іс-шара Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігінің қолдауымен Қазақстандық IT-компаниялар қауымдастығының, Ақпараттық-коммуникацияның технологияларды дамыту қорының, Қазақстандық Интернет-бизнес және мобильдік коммерция қауымдастығының, «Қазконтент» АҚ-ның ұйымдастыруымен өткізілді.

Ақпарат көздері: E-event.kz

29.09.2014