МТҚ Киберқауіпсіздік бойынша «Құзырет орталығын» ұйымдастырды

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Мемлекеттік техникалық қызмет» РМК Киберқауіпсіздік бойынша «Құзырет орталығын»
құрды. Орталықтың ашылуы шеңберінде «МТҚ» РМК семинар ұйымдастырды. «Құзырет орталығын» іске асырудың негізінде киберқауіпсіздік тақырыбы қызықтыратын және өздерінің осы бағыттағы білімдерінің сапасын арттыруға ынтасы барлардың барлығына арналған алаң құру идеясы болды.

Сондай-ақ, мамандар білімінің сапасын арттыру бойынша өткізілген дәрістерден бөлек, семинарда Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 2019 жылғы 22 мамырдағы № 33 бұйрығына сәйкес ақпараттық қауіпсіздіктің жедел орталықтарына (АҚЖО) лицензия беруге қойылатын біліктілік талаптарға өзгерістер енгізілгені хабарланды. Осыған байланысты бүгінгі күні тек қана үш АҚЖО қолданыстағы қағидаларға сәйкес келеді.

Бұдан басқа, қызметін АҚЖО ретінде жүзеге асыруды одан әрі жалғастыруды қалайтындардың бәріне құжаттарын біліктілік талаптарға сәйкес келтіру ұсынылды.

Сонымен бірге лицензия алушыларға қатысты заңнама талаптары және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жедел орталықтары мен Ақпараттық қауіпсіздіктің ұлттық үйлестіру орталығы арасында ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажетті ақпарат алмасу тәртібі айтылды.