АҚ саласындағы ұйымдар арасында кіші футболдан дәстүрлі турнир өтті

29 маусымда ARLAN ARENAда ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрылу күніне орайластырылған кіші футболдан жыл сайынғы турнир өткізілді.

Турнирдің мақсаты: салауатты өмір салтын насихаттау, жұмыскерлердің бос уақытын ұйымдастыру мен оларды дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылдануға тарту, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік саласындағы мамандар арасында байланыс пен серіктестік қарым-қатынас орнату.

Турнирге 8 команда қатысты: ҚР ҰҚК үш бөлімшесінің, ҚР ИДИАӨМ Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің, ЗТБ «КШТТО», «Қазимпэкс» АҚ, «Kazdream Technologies» ЖШС және «МТҚ» РМК.

Табан тірескен күрес 5 сағат бойы жалғасты. Қатысушылар 4 командадан 2 топқа бөлініп, жарыстар айналма жүйе бойынша өткізілді. Топтағы ойындар мен жартылай финалдық ойындардың нәтижелері бойынша ең мықты екі команда финалға шықты: ҚР ҰҚК Ақпараттық қауіпсіздік департаменті және «МТҚ» РМК.

Негізгі уақыт нәтижелері бойынша «МТҚ» РМК командасы жеңіске жетіп, 2019 жылғы кубокты иеленді.

Кіші футболдың қорытындылары бойынша жеңімпаздар грамоталармен және кубоктармен марапатталды.

Келесі номинациялар бойынша үздік ойыншылар белгіленді:
- «Үздік қақпашы»;
- «Үздік шабуылшы»;
- «Үздік ойыншы».

Ойын соңында сөз алған «МТҚ» РМК директоры Ержан Біржанов жарыс қажырлы және қызу өткенін, командалар жоғары шеберлігін көрсетіп, жеңіске жетуде жігерлік танытқанын, ал осындай спорттық іс-шараларды өткізу жақсы дәстүрге айналғанын атап көрсетті.
Біздің командамызды жеңісімен құттықтаймыз!