ҚР ҰҚК «МТҚ» РМК брифинг өткізуі туралы

2018 жылғы 19 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Мемлекеттік техникалық қызмет» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны (бұдан әрі – ҰҚК «МТҚ» РМК) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен ақпараттық-коммуникация инфрақұрылымы аса маңызды объектілерінің (АКИАМО) ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде брифинг өткізді.

ҰҚК «МТҚ» РМК директоры Біржанов Ержан Ерікұлы өз сөзінде кең аудиторияға компьютерлік оқиғаларға ден қоюдан, «электрондық үкіметтің» қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мониторингтеуден, ақпараттық жүйелердің ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне аттестациялық зерттеу мен сынаудан және басқалардан тұратын ведомство қызметінің негізгі бағыттары туралы ақпаратты жеткізді.

Қызмет көрсетудің (DoS, DDoS) тоқтатылуы, Интернет желісіндегі фишинг, Интернет-ресурсты бұзу/шабуылдау, зиянды бағдарламалық қамтамасыз ету, ботнеттер және басқа да ақпараттық қауіпсіздік оқиғалары санының ұдайы артуын ескере отырып, халықаралық құрылымдармен өзара іс-қимыл дамытылуда.

Қазіргі уақытта Армения, Әзербайжан, Австралия, Бангладеш, Беларусь, Ресей, АҚШ, Латвия, Литва, Малайзия, Молдова, Грузия, Индонезия, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Корея, Өзбекстан және Румыния сияқты елдермен меморандумдар шеңберінде ынтымақтастық орнатылды.

Көрсетілген бағыттар бойынша ынтымақтастық киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуге, оның ішінде Интернет желісі арқылы террористік және экстремистік мақсатта компьютерлік шабуылдарды жүзеге асыруға қарсы іс-қимыл жасауға ықпал етеді.

Бүгінгі күні ҰҚК «МТҚ» РМК «Киберқауіпсіздік тұжырымдамасын бекіту (Қазақстан киберқалқаны) туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 30 маусымдағы № 407 қаулысына сәйкес Ұлттық ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі үйлестіру орталығын құру бойынша қарқынды жұмыс жүргізуде.


ҚР ҰҚК баспасөз қызметі