Ақпараттық қауіпсіздік тұрғысынан аттестаттау және сынақтар жүргізу мәселелері бойынша семинар – кеңестер өткізілді

«Мемлекеттік техникалық қызмет» РМК 2018 жылғы 6 және 14 маусымда ҚР ҚАӨМ Ақпараттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп бейнеконференция форматында «Ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестікке аттестаттық зерттеп-қарау мен сынақтар жүргізу» тақырыбы бойынша мемлекеттік органдарға арналған семинар – кеңестер өткізді.

Семинар – кеңестерге Қазақстан Республикасының 16 орталық мемлекеттік органы мен 14 жергілікті атқарушы органдарының өкілдері қатысты.

«Мемлекеттік техникалық қызмет» РМК жұмыскерлері:
«Ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестікке аттестаттаудан өткізу»;
«Ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестікке сынақтар жүргізу» тақырыптары бойынша баяндамалармен сөз сөйледі.

Семинар – кеңестің қатысушыларына «Ақпараттандыру туралы» ҚР Заңына аттестаттауды алып тастау мен сынақтар жүргізу процесін өзгертуге бағытталған  түзетулер қазіргі уақытта ҚР Парламентінің қарауында екені түсіндірілді. «Ақпараттандыру туралы» ҚР Заңына аталған түзетулер заңнамада белгіленген тәртіппен енгізілгенге дейін мемлекеттік органдардың ақпараттандыру объектілеріне аттестаттау жүргізу міндетті болып табылады.

Осыны ескере отырып, бейнеконференцияға қатысушылар  «Ақпараттандыру туралы» ҚР Заңына арналған өзгерістер қолданысқа енгізілгеннен кейін қайтадан семинар-кеңес өткізуге ниет білдірді.

«МТҚ» РМК мен ҚР ҚАӨМ өкілдері осы ұсынысты қолдады.