«МТҚ» РМК мен ЗТБ «КШТТО» арасында Киберқауіпсіздік мәселелері жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Мемлекеттік техникалық қызмет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны мен Заңды тұлғалар бірлестігінің «Кибер шабуылдарды талдау және тергеу орталығы» арасында Киберқауіпсіздік мәселелері жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды

Астана қаласында    KADEX-2018 бесінші халықаралық қару-жарақ пен әскери-техникалық мүлік көрмесін өткізу шеңберінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Мемлекеттік техникалық қызмет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны мен Заңды тұлғалар бірлестігінің «Кибер шабуылдарды талдау және тергеу орталығы» арасындағы киберқауіпсіздік бойынша Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Меморандумды жасау тараптар арасында киберқауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты ақпараттық қауіпсіздік инциденттеріне әрекет ету туралы өзара ақпарат, тәжірибе алмасу бөлігінде дамыту мен нығайтуды көздейді.

Меморандумды іске асыру мақсатында  бірлескен бұйрықпен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Мемлекеттік техникалық қызмет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны («МТҚ» РМК) мен Заңды тұлғалар бірлестігінің «Кибер шабуылдарды талдау және тергеу орталығы» (ЗТБ «КШТТО»)  арасында ақпараттық қауіпсіздік инциденті туындаған кезде өзара іс-қимыл жасау регламенті бекітілді.

Регламент жедел ақпарат алмасуды орнату,  ақпараттық қауіпсіздік инциденттеріне әрекет ету бойынша өзара іс-қимыл жасау, мемлекеттік сектордың ақпараттандыру объектілерінде осалдықтар мен ақпараттық қауіпсіздік инциденттері анықталған жағдайда «МТҚ» РМК-ға хабарлау бойынша ЗТБ «КШТТО» міндеттемелері бөлігінде тараптардың ақпараттық қауіпсіздік инциденті туындаған кезде өзара іс-қимыл тәртібін айқындауға бағытталған.

Регламентте Интернеттің Қазақстандық сегментіндегі киберқатерлердің мониторингі мен веб-ресурстарды қорғаудың  WebTotem жүйесі базасында WebTotem Public Sector аппараттық-бағдарламалық кешенін «МТҚ» РМК мүдделерінде әзірлеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сондай-ақ, Меморандумның тараптары ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы техникалық шешімдерді  бірлесіп тестілеу, Интернеттің қазақстандық сегментіндегі ақпараттық қауіпсіздік инцидеттері туралы бірлескен материалдарды жариялау мәселелерін талқылады.