Электрондық үкімет қауіпсіздігінің мониторингі орталығы

Электрондық үкімет қауіпсіздігінің мониторингі орталығының негізгі міндеттері «электрондық үкімет» серверлерінің осалдықтарын айқындау, «электрондық үкімет» компоненттеріндегі ақпараттық қауіпсіздік оқиғалары мен қауіптерін тіркеу және талдау болып табылады.

Ақпараттық қауіпсіздік мониторингі тиісті есептерді қалыптастырып, сондай-ақ ақпараттық жүйелерді қорғау жүйелеріндегі мүмкін осалдықтардың алдын алу және жою жөнінде сәйкес ұсынымдар жасай отырып, мерзімді негізде жүргізіледі. Бұл ұсынымдардың орындалуы зиянкестер пайдалануы мүмкін осалдықтарды алдын ала жою арқылы электрондық үкімет инфрақұрылымы ақпараттық жүйелерінің қорғалу деңгейін арттырады.

Интернет желісіне қолжетімділіктің бірыңғай шлюзіне қосылу бойынша мәліметтер

«Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 14-бабы, 1-тармағы, 6) тармақшасына сәйкес Мемлекеттік техникалық қызмет Интернетке қол жеткізудің бірыңғай шлюзін және «электрондық үкіметтің» электрондық поштасының бірыңғай шлюзін сүйемелдеуді жүзеге асырады.

Интернетке қол жеткізудің бірыңғай шлюзі – Интернетке және (немесе) Интернетке шыға алатын байланыс желілеріне қол жеткізу кезінде телекоммуникациялар желілерін қорғауға арналған аппараттық-бағдарламалық кешен. «Электрондық үкімет» электрондық поштасының бірыңғай шлюзі – ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес «электрондық үкіметтің» электрондық поштасының қорғалуын қамтамасыз ететін аппараттық-бағдарламалық кешен.

Заңның 30-бабына сәйкес:

  1. Мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, мемлекеттік заңды тұлғалардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілерінің меншік иелері мен иеленушілерінің жергілікті, ведомстволық және корпоративтік телекоммуникациялар желілерін Интернетке қосуды байланыс операторлары Интернетке қол жеткізудің бірыңғай шлюзі арқылы жүзеге асырады.
    (*квазимемлекеттік сектор субъектілері – 2008 жылғы 4 желтоқсандағы № 95-IV Қазақстан Республикасының Бюджеттік кодексінің 3 бабы, 1-тармағы, 31-тармақшасына сәйкес, мемлекеттік кәсіпорындар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, акционерлік қоғамдар, оның ішінде мемлекеттік құрылтайшысы, қатысушысы немесе акционері болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар, сондай-ақ еншілес, тәуелді және Қазақстан Республикасының актілеріне олармен үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғалар.
  2. Мемлекеттік органдардың және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жергілікті, ведомстволық және корпоративтік телекоммуникациялар желілерін Интернетке қосу ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.
  3. Арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары – жедел мақсаттарда, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Интернетке қосуды Интернетке қол жеткізудің бірыңғай шлюзін пайдаланбай ұйымдастыруы мүмкін.
  4. Мемлекеттік органның электрондық поштасының сыртқы электрондық поштамен электрондық өзара іс-қимылы электрондық хабарларды «электрондық үкіметтің» электрондық поштасының бірыңғай шлюзі арқылы қайта жіберу арқылы жүзеге асырылады.

«Қазақстан Республикасында ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің кейбір шаралары туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 14 қыркүйектегі № 965 қаулысының 1-тармағы, 5) тармақшасына сәйкес (бұдан әрі – Қаулы) мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстардың және ақпараттық жүйелердің қорғалуын қолдауы, Интернет желісі арқылы мемлекеттік қызметтерді ұсынуды қамтамасыз ететін мемлекеттік электрондық ресурстардың, ақпараттық жүйелердің қызмет етуі Интернетке қол жеткізудің бірыңғай шлюзі арқылы жүзеге асады.

Қаулының 1-тармағы, 6) тармақшасына сәйкес, Интернетке қол жеткізудің бірыңғай шлюзінің құралдарымен қол жетімділігі шектелген интернет-ресурстар санаттарының тізбесін (бұдан әрі –Тізбе) мемлекеттік органның өзі айқындайды.

Көрсетілген тізбе мен Интернет желісіне қолжетімділік алатын мемлекеттік органдар мен олардың аумақтық бөлімшелерінің ақпараттық-коммуникациялық желілерінің желілік мекенжайларының тізімі Мемлекеттік техникалық қызметке орындау үшін жіберіледі.